Сүт безінің саулығы тек репродуктивті жүйенің ғана емес, бүкіл ағзаның жағдайын көрсетеді. Сүт бездеріндегі кез келген өзгеріс назар аударуды қажет етеді: олардың кейбірі табиғи гормондық ауытқуларға байланысты болса, басқалары аурудың басталалып жатқандағын білдіруі мүмкін. Қауіптісі бастапқы кезеңде көптеген бұзылыстар көзге байқалмай өтеді — аздаған жайсыздық немесе білінер-білінбес тығыздалу жиі еленбейді. Ал дәл осы сақтық пен тұрақты бақылау ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді, бұл кезде емдеу ең тиімді әрі жеңіл өтеді.
Неліктен сүт безінің саулығын бақылау маңызды
Сүт бездері гормондық өзгерістерге, күйзеліс деңгейіне, тамақтану ерекшеліктеріне және күнделікті әдеттерге өте сезімтал. Көбіне дәрігерге қаралуға себеп болатын белгілер сүт безінің тығыздалуы, ауыруы, терінің түрі мен күйінің өзгеруі, емшектен бөлінділердің пайда болуы. Мұндай көріністер әрдайым ауыр дертті білдірмесе де, патологияны жоққа шығару үшін тексерілуі тиіс.
Тұрақты түрде өз-өзіңді тексеру және профилактикалық мақсатта маммологқа немесе гинекологқа бару — ауруды дер кезінде анықтап, асқынудың алдын алудың ең тиімді жолы. Әйел өзгерістерге неғұрлым ерте назар аударып, дәрігерге жүгінсе, сүт безінің саулығын сақтап қалу және ұзақ немесе ауыр емнен аулақ болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары.
Сүт безі ауруларының негізгі белгілері
Сүт безі патологияларының клиникалық белгілері әртүрлі болуы мүмкін: байқалмайтын жайсыздықтан айқын шағымдарға дейін. Көбіне алғашқы белгілер назардан тыс қалады, бұл өз кезегінде диагноз қоюды қиындатады.
Назар аудару керек белгілерге мыналар жатады:
- әйел өзін-өзі тексеру барысында немесе пальпация кезінде сезетін тығыздалу;
- сүт бездерінің пішіні, көлемі немесе симметриясының өзгеруі;
- етеккір циклымен байланыссыз немесе әдеттегіден ұзақ сақталатын ауырсыну;
- емшектен бөлінділердің пайда болуы (сулы, қанды, іріңді);
- терінің жергілікті өзгерістері — қызару, ісіну, «апельсин қабығы» эффектісі;
- деформация немесе емшек ұшының тартылуы, жарылуы немесе қабыршақтануы, эрозиялардың болуы.
Маңыздысы әйелдердегі емшек ұшының ауырсынуы әрқашан қатерлі үдерістермен байланысты бола бермейді. Көбіне бұл белгілер сүт безіндегі қабыну немесе қатерсіз түзілістермен байланысты болады. Дегенмен, кез келген жаңа сезім немесе құрылымдық өзгеріс дәрігердің бағалауын қажет етеді: тек дәрігер ғана оның қалыпты немесе емді қажет ететін ауру белгісі екендігін анықтай алады.
Әйел сүт бездеріндегі тығыздалу
Ең алаңдататын белгілердің бірі сүт безінде тығыздалудың пайда болуы. Мұндай түзіліс киста, қатерсіз ісік немесе қабыну процесінің белгісі болуы мүмкін, алайда кейде ол онкологиялық патологияға да нұсқайды. Түзілістің сипатын өз бетімен анықтау мүмкін емес: ауырсыну тудырмайтын болса да, әрбір түйін міндетті түрде дәрігердің тексеруін және аспаптық зерттеуді талап етеді.
Сүт безіндегі ауырсыну
Бұл шағым әйелдер арасында өте жиі кездеседі және әрдайым аурумен байланысты бола бермейді. Ауырсыну циклдік (етеккір алдында күшейетін) немесе тұрақты болуы мүмкін. Әйелдердің сүт безі неге ауырады деген сұраққа жауап: гормондық теңгерімсіздік, дәрі-дәрмек қабылдау, күйзеліс. Бірақ егер жайсыздық ұзақ уақыт сақталса, ісіну немесе пішіннің өзгеруімен қатар жүрсе, міндетті түрде сүт безі ауруларын жоққа шығару қажет.

Сүт безінің ықтимал аурулары
Әйелдердегі сүт безі ауруларын шартты түрде үш үлкен топқа бөледі: қабыну процестері, қатерсіз түзілістер және қатерлі ісіктер. Әр топтың өз ерекшеліктері мен қауіптері бар.
1. Қабыну аурулары
Бұл топқа мастит жатады — сүт безі тіндерінің жедел қабынуы, көбінесе бала емізу кезінде дамиды. Әйелде сүт безінің ісінуі, терісінің қызаруы, дене қызуының көтерілуі және айқын ауырсынумен жүреді. Дер кезінде басталған ем қабынуды тез тоқтатып, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
2. Қатерсіз түзілістер
Мұндай жағдайлар өте жиі кездеседі және көбіне гормондық тепе-теңдіктің бұзылуымен байланысты болады.
- Мастопатия — кең таралған патологиялардың бірі, гормондық теңгерімсіздікке байланысты. Әйел кеудеде ауырлық пен кернеу сезінеді, кейде ауырсынатын түйіндер немесе диффузды тығыздалулар пайда болады.
- Кисталар. Көп жағдайда ешқандай белгілер бермейтін сұйықтыққа толы қуыстар және тек ультрадыбыстық зерттеу кезінде анықталады.
- Фиброаденома және басқа да қатерсіз ісіктер. Тығыз құрылымды түзілістер, өздігінен жойылмайды және хирургиялық жолмен алынуды қажет етуі мүмкін.
Өмірге тікелей қауіп төндірмесе де, мұндай өзгерістер тұрақты бақылауды қажет етеді, себебі кей жағдайларда олар ауыр патологиялардың дамуына алғышарт болуы мүмкін.
3. Қатерлі ісіктер
Ең қауіпті санат— сүт безінің қатерлі ісігі. Бұл аурудың айласы алғашқы кезеңдерінде айқын белгілердің болмауында немесе қатерсіз түзілістерге ұқсап көрінуінде. Сондықтан сүт безінің жағдайын жүйелі түрде дәрігерге тексертіп тұру өте маңызды.

Қашан дәрігерге қаралу керек?
Сүт безі ауруларын ерте сатысында анықтау үшін тұрақты профилактикалық тексерулер мен өз ағзаңыздағы өзгерістерге мұқият болу маңызды. Маммологқа немесе гинекологқа баруға сүт безіндегі тығыздалу, емшектегі бөлінділердің пайда болуы, сүт безінің пішіні мен көлемінің өзгеруі, жергілікті ауырсыну немесе ісіну себеп болады.
Белгілер айқын емес болып көрінсе де, дәрігерге баруды кейінге қалдыруға болмайды. Маммолог нәзік әрі түсінікті түрде сүт безінің не себепті ауыруы мүмкін екенін түсіндіреді, пациенттің барлық уайымы мен сұрақтарына жауап береді.
Ерте диагностиканың маңызы
Сүт безі ауруларының көпшілігі ерте анықталса, күрделі араласусыз және тиімді емделеді. Керісінше, дәрігерге кеш жүгіну емдеу мүмкіндігін шектеп, асқынулар қаупін арттырады. Сондықтан «күтейік, бақылап көрейік» деген тәсіл қауіпті болуы мүмкін.
Қандай тексерулер жүргізіледі
Заманауи диагностика бірнеше негізгі әдістерді қамтиды:
- Сүт безінің УДЗ кез келген жаста ақпаратты әрі қауіпсіз әдіс, кисталар мен түйіндерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.
- Маммография 40 жастан асқан әйелдерге ұсынылады, өте ұсақ түзілістерді де көруге көмектеседі.
- Биопсия күмәнді түзілістердің табиғатын нақты анықтау үшін жасалады және қатерлі үдерісті түпкілікті растаудың немесе жоққа шығарудың жалғыз тәсілі болып саналады.
Нақты тексеру түрі әйелдің жасына, шағымдарына және бастапқы тексеру нәтижелеріне байланысты таңдалады.
Сүт безінің денсаулығы әйелдің гормондық жағдайымен, өмір салтымен және эмоциялық күйімен тығыз байланысты. Бұл мүшелер ағзадағы кез келген өзгеріске сезімтал, сондықтан өзгерістерге бей-жай қарауға болмайды.
Тұрақты дәрігерге қаралу, өз ағзаңа мұқият қарау және мүмкін болатын қауіп туралы хабардар болу әйелге өз денсаулығына сенімді болуға және дәлелді медицинаға негізделген шешімдерді қабылдауға көмектеседі. Мұндай көзқарас ауыр диагноздардың алдын алып қана қоймай, өмір сапасын ұзақ жылдар бойы сақтауға мүмкіндік береді.

