Ғылыми дәлелденгенҒылыми дәлелденген
Bionorica әйелдердің денсаулығы

Жаттығудан, құлағаннан немесе кеудеге соққы тигеннен кейінгі ауырсыну алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Алайда ауырсынудың көзі әрдайым сүт безінің өзінде бола бермейді. Бұл аймақта кеуде және қабырғааралық бұлшықеттер, қабырғалар мен шеміршектер орналасқан, сондықтан ұқсас белгілердің себептері әртүрлі болуы мүмкін.

Егер әйел спортпен жаңа айналыса бастаса, кеудедегі ауырсыну көбіне кеуде қабырғасына түскен жүктемемен байланысты болады. Ал егер соққы тиген болса, тіндердегі өзгерістерді уақыт өте келе бақылау маңызды.

Жаттығудан кейін неге сүт безінің өзі емес, басқа тіндер ауыруы мүмкін?

Сүт безі кеуде бұлшықеттерінің үстінде орналасқан. Жаттығу кезінде, әсіресе қолға, иыққа және денеге күш түсетін кезде, негізінен осы бұлшықеттер жұмыс істейді. Олар шамадан тыс күш түскенде, жаңа жаттығуларға, салмақтың артуына немесе қайталау санының көп болуына жауап ретінде ауыруы мүмкін.

Егер спортпен шұғылданғаннан кейін кеуде ауырса, ауырсынудың көзі көбіне сүт безінің өзінде емес — бұлшықеттерде, қабырғааралық тіндерде немесе қабырғалардың бекіну аймақтарында болады.

Негізгі себептері

Кеуденің дене жүктемесінен немесе жарақаттан кейін ауыруы бірнеше жағдаймен байланысты болуы мүмкін.

  1. Бұлшықетке шамадан тыс күш түсуі
    Әдеттен тыс немесе қарқынды дене жүктемесінен кейін пайда болады. Ауырсыну сыздап сезіледі және қозғалғанда күшейеді.

  2. Бұлшықет немесе байламның созылуы
    Кенет қозғалыстан, жұлқынып қимылдаудан, құлағаннан немесе жаттығуды дұрыс орындамаудан кейін пайда болуы мүмкін. Ауырсыну белгілі бір жерде сезіледі, кейде тыныс алғанда немесе дененің белгілі бір қалпында күшейеді.

  3. Жұмсақ тіндердің соғылуы
    Соққыдан кейін қол тигізгенде ауырсыну, көгеру және аздап ісіну байқалуы мүмкін.

  4. Қабырғалардың немесе кеуде қабырғасының жарақаты
    Ауырсыну өткір болады. Терең тыныс алғанда, жөтелгенде, күлгенде, денені бұрғанда немесе ауырған жерді басқанда күшейеді.

  5. Басқа себептерден болатын ауырсыну
    Кейде бұл белгі жүрек, өкпе, гастроэзофагеальді рефлюкс немесе неврологиялық себептермен байланысты болуы мүмкін.

Ауырсынудың бұлшықеттен екенін қалай түсінуге болады?

Егер жаттығудан кейін кеуде бұлшықеттері ауырса, оған тән белгілер:

  • ауырсыну дене жүктемесінен кейін пайда болды;
  • қолды қозғалтқанда, денені бұрғанда немесе созылғанда күшейеді;
  • ауырсыну қабырғаларға, қолтық аймағына, иыққа немесе кеуде қабырғасына жақын сезіледі;
  • тыныштықта азаяды;
  • бірнеше күн ішінде біртіндеп басылады;
  • кеудеде түйін болмайды;
  • ісіну, қызару, терінің тартылуы, емізіктің өзгеруі немесе одан бөлінді болмайды.

Бұлшықеттер, қабырғалар және сүт безі бір-біріне өте жақын орналасқандықтан, ауырсынудың нақты қай жерден шыққанын әрдайым сезіну арқылы анықтау мүмкін емес.

Жаттығудан кейінгі кеудедегі ауырсыну 2

Сүт безіне соққы тигеннен кейін не болуы мүмкін?

Соққыдан кейін жұмсақ тіндердің соғылуы дамиды: ауырған жер сезімтал болып, көгеру немесе аздап ісіну пайда болуы мүмкін.

Сүт безі жарақаттанғанда басқа да өзгерістер болуы мүмкін. Тіндерде гематома — ұсақ қан тамырлары зақымданғаннан кейін қанның жиналуы қалыптасуы мүмкін. Кейде майлы некрозға байланысты тығыздану пайда болады, бұл – жарақаттан кейін дамитын, май тініндегі қатерсіз өзгеріс, ол қолға түйін сияқты сезілуі мүмкін.

Соққыдан кейінгі ең маңызды көрсеткіш – өзгерістердің динамикасы. Егер жаттығудан кейін сүт безі ауырғанымен, жайсыздық, көгеру және ісіну біртіндеп азайса, бұл қолайлы жағдай болып саналады. Ал егер тығыздану пайда болса, ісіну күшейсе, тері өзгерсе немесе ауырсыну күткеннен ұзақ сақталса, күтпей дәрігерге қаралған дұрыс.

Сондай-ақ оқыңыз: Сүт безіндегі түйін: киста, фиброаденома әлде қатерлі ісік пе

Қандай жағдайда ауырсыну сүт безімен байланысты болуы мүмкін?

Сүт безіндегі ауырсыну көбіне керілу, ісіну немесе тіннің сезімталдығының артуы ретінде сезіледі. Егер ол етеккірдің алдында пайда болып, аяқталғаннан кейін басылса, себебі циклдік өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ бір жақты, ұзаққа созылатын немесе әдеттен тыс ауырсыну ерекше назар аударуды қажет етеді.

Төмендегі белгілер болса, дәрігерге қаралған жөн:

  • сүт безінде немесе қолтық астында түйіннің болуы;
  • ісіну, асимметрия немесе күшейіп келе жатқан көгеру;
  • терінің өзгеруі: ішке тартылуы, «шұңқыр» тәрізді өзгеріс, қызару немесе «апельсин қабығы» тәрізді көрініс;
  • емізіктің пішіні немесе орналасуының өзгеруі;
  • емізіктен бөлінді шығуы;
  • шамамен бір апта ішінде басылмайтын немесе күшейетін ауырсыну.

Қашан және қай дәрігерге қаралу керек?

Егер кеуде бұлшықеттері жерден итерілу (отжимание) жаттығуларынан кейін ауырса, жүктемені азайтып, 2–3 күн бақылауға болады.

Соққыдан немесе құлағаннан кейін, тыныс алғанда ауырсыну болса немесе қабырға жарақатына күдік туындаса, травматологқа, отбасылық дәрігерге немесе терапевтке қаралу қажет.

Егер түйін, ісіну, терінің өзгеруі, емізіктен бөлінді байқалса немесе ауырсыну дәл сүт безінің тінінде сезілсе, гинекологтың, маммологтың немесе хирургтің кеңесі қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: Неліктен тек бір сүт безі ауырады: қашан дәрігерге қаралу керек

Кеудедегі қысып ауыратын ауырсыну, ентігу, суық тер шығу, әлсіздік, жүрек айнуы, бас айналу, ауырсынудың қолға, арқаға, мойынға немесе жаққа таралуы байқалса шұғыл медициналық көмек қажет.

Жиі қойылатын сұрақтар

Кеше жасаған жаттығудан кейін кеуде ауырса, бүгін жаттығуға бола ма?

Егер жаттығудан кейін кеуде бұлшықеті ауырса, жүктемені 1–3 күнге азайтыңыз. Ал ауырсыну қатты болса, көгеру, ісіну немесе түйін байқалса, жаттығуды кейінге қалдырып, дәрігерге қаралған дұрыс.

Бұлшықет ауырсынуын қабырға жарақатынан қалай ажыратуға болады?

Күш түскенде немесе қозғалғанда сыздап ауыратын кеуде ауырсынуы көбіне бұлшықетке тән. Ал қабырға жарақатында ауырсыну нақты бір нүктеде өткір сезіледі және тыныс алғанда, жөтелгенде, күлгенде немесе басқанда айқынырақ болады.

Егер ауырсыну бір апта бойы басылмаса не істеу керек?

Дәрігерге қаралып, тексеруден өткен жөн, дәрігер кеуденің жаттығудан кейін ауыруының себебін анықтайды. Бір апта ішінде жақсарудың болмауы — кеуде қабырғасының жарақатын, гематоманы, қабынуды немесе сүт безіндегі өзгерістерді жоққа шығаруды қажет етеді.

Кеудедегі ауырсыну жүрекпен байланысты болуы мүмкін бе?

Иә. Кеудедегі қысып ауыратын ауырсыну, ентігу, суық тер, әлсіздік, жүрек айнуы, бас айналу немесе ауырсынудың қолға, арқаға, мойынға не жаққа таралуы – шұғыл медициналық көмекке жүгінуге себеп.

Logo_Bionorica
Медициналық маманы растаған
Бадигул Акбопе

Бионорика КАЗ ЖШС Медициналық менеджері,
Денсаулық сақтау саласындағы маман, Дәрігер

Мәселе жайында толығырақ